Қазақстанда ажырасу саны азаймай келеді, бұл ретте ерлі-зайыптылар да, балалар да зардап шегеді. Ажырасу тек психологиялық жағдайға ғана емес, материалдық жағдайға да әсер етеді. Әдетте, ажырасқаннан кейін ол қатты нашарлайды. Сол кезде алиментке жүгінуге тура келеді, алайда екінші тарап алимент төлеуді әрдайым қуанышпен қабылдай қоймайды. Көбіне алимент төлемеуге барынша тырысады. Мұндай жағдайда не істеу керек және қайда жүгінуге болатыны жайында біздің мақаламызда оқыңыз.

Алимент – бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат. Алимент төлеушінің еңбекақысынан немесе басқа кіріс көздерінен өндіріліп алынады.

Егер сіздің жұбайыңыз кәмелетке толмаған балаға (-ларға) ерікті түрде алимент төлеуден бас тартса, сіз алиментті мәжбүрлі түрде өндіріп алуға құқылысыз. Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 164 б. бойынша, егер бұрын алимент төлеу туралы келісім бойынша алимент төленбеген болса, алимент алу құқығы туындаған кезден бастап өткен мерзімге қарамастан, алимент өндіріп алу туралы өтініш жасауға болады. Бұл ретте осы кезеңге дейін алимент алынбағаны анықталса, 3 жыл мерзім шегінде өткен кезеңге алимент өндіріліп алынуы мүмкін.